Исатай батыр кесенесі

       Исатай Тайманұлы 1836-1838 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшы, халық батыры. Исатай Тайманұлы 1791 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмындағы «Тайман жалы» деген жерде туған.




  Исатай Тайманұлы - жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ерлігімен ел есінде қалған Ағатай батырдың төртінші ұрпағы.
 «Мен, мен едім, мен едім, Мен Нарында жүргенде, Еңіреп жүрген ер едім, Исатайдың барында, Екі тарлан бөрі едім, Қай қазақтан кем едім, Бір қазаққа тең едім», деп асқақ рухты, дауылпаз ақын Махамбетті аға тұтып, жалаулы жырына қосқан халық батыры Исатай Тайманұлы Ақтөбе облысының Қобда ауданында мәңгілік тыныстаған. Тарихи деректерге сүйенген ғалымдар батырдың сүйегі Шейітсай аталатын жерде жерленген деген тоқтамға келді.
Шейітсай қорымында Исатай батырға 2014 жылы кесене тұрғызылды. Кесененің биіктігі 11,5 метр, ені 6 метр. Кесене ішінде Исатай Тайманұлы мен оның ұлы Оспанның өмір сүрген жылдары және Исатай батырдың бейнесі, сонымен бірге Махамбет ақынның «Арыстан туған Исатай, Дегеніне жете алмай, Арманда өтіп кетті деп, Қиналсаңыз біздерге, Мың сан рахмет сіздерге» деген шумақ өлеңі қашалып жазылған. Кесененің қабырғалары қазақи нақышта өрнектелген.