Хан моласы қорымы - XVIII
ғасырда пайда болған қазақ бейіті. Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында Қабырға
өзенінің Өлкейекке құяр тұсынан 4 шақырым қашықтықта орналасқан. Топографиялық
картада ол жер «Қандысуық зираты» деп көрсетілген.
Шын мәнінде, бұл «Хан сүйегі»
деген сөз болса керек. «Хан моласы» 16,0 гектар жерді алып жатыр, оның ішінде
мыңдаған бейіттер бар.
Әбілқайыр хан 1693-1748 жылдары өмір сүрді. Ол саясат
сахнасына көтерілген кезең - халқымыздың тарихындағы ең бір күрделі уақыт еді:
төрт тараптан жау анталап, Ұлы Далаға жан-жақтан толассыз жорықтар жасалды. Осы
кезең туралы Шоқан Уәлиханов: «ХVIІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының
өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды», - деп жазған. Қазақ Ордасын бүкіл Азияның
қақпасын ашатын кілт санаған орыс патшасы І Петр қайткенде Ұлы Дала жұртын
әлсіретіп, күйретуге күш салды. Сол мақсатпен Еділ қалмақтарын, Жайық
казак-орыстарын, т.б. халықтарды мұздай қаруландырды. Әбілқайыр хан - осындай
алмағайып заманда ел басқарып, елдікті сақтап қалу жолында өлшеусіз еңбек
сіңірген тұлға, даңқты қолбасшы.
Қазақ
хандығының 550 жылдық мерейтойына орай Ақтөбеде өткен «Қазақ мемлекеттігінің
дамуы: дәуірлер, оқиғалар, тұлғалар» атты халықаралық ғылыми конференцияда
белгілі ғалым Ирина Ерофеева: «Қазақ әскерінің буддист-ойраттарға қарсы соғыста
1727-1730 жылдары қол жеткізген жеңістерінен соң, ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарынан
бастап Әбілқайыр хан мұсылман әлемінде басқа діннің басқыншылығына тосқауыл
қойған билеушілерге берілетін «Ғази» дәрежесіне ие болды. Ол - мұндай құрметті
атаққа ие болған қазақтың екінші ханы. Әбілқайырдан бұрын бұл атақ Тәуке ханға
берілген болатын. Осы кезден бастап ол шетелдерге жіберген хаттарына
«Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баһадүр хан» деп қол қоятын болды», - деген еді.
Заманында
қазақтар Әбілқайыр ханды ерекше қадір тұтып, оның бейітіне екі ғасырға жуық
уақыт зиярат еткен. Зиярат
ету ХХ ғасырдағы дүрбелеңдерден кейін тоқтапты.
Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» -
көне қорым. Облысымыздың Әйтеке би ауданындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым
қашықтықта орналасқан. Хан сүйегінің осы қорымда жатқанына ел аузындағы
деректер ғана емес, орыс зерттеушілерінен қалған жазба деректер де дәлел
болады. Мысалы, Торғай облыстық басқармасының бұратаналар мәселелері жөніндегі
кеңесшісі Иван Крафт 1898 жылы «Хан моласының» Торғайдан 80 шақырым жерде
екенін және қазақтардың ол жерді қасиетті орын санайтынын жеткізген.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін,
1998 жылдан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнология
бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали жетекшілік
еткен топ «Хан моласы» қорымында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал 2007 жылдан
бастап зерттеу жұмыстары кешенді түрде қолға алынды. Бұған тарихшылар,
этноархеологтар, этнографтар, сәулетшілер, топырақтанушылар, геофизиктер,
антропологтар, генетиктер, тағы басқа да мамандар тартылды.
Ұзақ жылдар бойғы зерттеулер нәтижесінде хан қабірі нақты анықталғаннан кейін,
бұл жерде Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашу жөнінде шешім
қабылданды. Бұл шешім Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс, 2015
жылы жүзеге асты. Осы жылдың 2 қазанында мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты
өтті.