Доңызтауда
туылып, халық арасында үлкен құрметке иа болған Досжан ишан 1815-1890 жылдарда
өмір сүрген. Досжан ишан Батыс Қазақстан аумағында ислам дінін таратуды жаңа,
биік деңгейге көтерді.
Ол - аймақ қазақтарының
арасында қажылық сапарды ұйымдастыру, араб елінде, Меккеде қажыға барған
қазақтардың түсетін тәкия үйін салдыру, «Қазақ шежіресін» құрастыру және ХІХ
ғасырдың 80-жылдары отарлаушы үкіметтен «қазақтар үшін бөлек мүфтилік» талап
ету, т.б. аянбай еткен еңбегі арқылы тарихта қалған тұлға.
Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық
аулынан 5 шақырым оңтүстікте орналасқан мешітті ол Бірман ұстаға салдырған.
Мешіт ішінде 100 адам еркін тұрып намаз оқи алған. Жалпы мешіттің жобасы
Қазандағы Юнусов мешітіне қарап жасалған деген пікір бар. Құрылыстың негізгі
жұмысына халық көмектеседі. Мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленіп, сырттан түскен
жарық барлық нақыштарды нұрландырып тұрған. Аят, хадистер қызыл бояумен
жазылған. Бүгінге дейінгі жеткен деректерге қарағанда, мешіт жанында 150 орындық
балаларға білім беретін медресесі, қонақ сыйлайтын орны да болған. Күмбездері
Кеңес үкіметі тұсында құлатылған.